Орталық Азияның жетекші лигасы – NAIZA алғаш рет Қырғызстанда турнир өткізеді

Бішкектегі Қожомкул атындағы Спорт сарайында PFL KG қолдауымен 7 қазан күні NAIZA 53 өтеді.
Турнир кардына Қырғызстан, Қазақстан, Украина, Ресей және өзге де елдердің жауынгерлері қатысады. Қырғызстандық Қаныбек Жаныбек Уулу мен украиналық Даниел Донченко сынды қос мықты жауынгердің арасындағы текетірес осы кештің басты оқиғасы болғалы тұр. Жекпе-жек жеңімпазы NAIZA лигасының чемпионы титулына үміткер болады.
Жеңіл салмақтағы жауынгерлер арасындағы бұл жекпе-жек – ивенттің басты оқиғасы. Сонымен бірге кеште қазақстандық Дастан Амангелді мен Еламан Шертаев жекпе-жекке шығады. Турнир аясында жүлде қоры 50 млн теңгені құрайтын Grand-Prix NAIZA 5×5 өтеді. Алғашқы болып DAR Pro Team клубының жауынгерлері мен Қырғызстан өкілдері – Kyrgyz Team командасы текетіреске шығады.

“Қырғызстанда аралас жекпе-жек тарихы тамсанарлық деуге болады. Белдігін 7 рет қорғаған, UFC-дің экс-чемпионы Валентина Шевченко бар, әлемнің алдыңғы қатарлы лигасымен келісім жасағалы жатқан қырғызстандық Бусурманкул Абдибаит уулы бар. Ол да, басқа жауынгерлер де біздің промоушенде, өзге лигаларда өздерін өте жақсы көрсетті. Қырғызстандағы ММА тарихы өте бай, оны тоқтатуға болмайды. Алдағы жоспарымыз – турнирді бірнеше рет өткізіп, қырғызстандық әріптестермен жыл сайын ивенттер ұйымдастырып тұру”, — дейді NAIZA лигасының президенті Нұрбек Қарабала.
Турнир трансляциясын NAIZA.TV платформасындағы жазылым арқылы көруге болады. Сонымен бірге қырғызстандық жанкүйерлер болса, КТРК телеарнасынан эксклюзив түрде тамашалай алады.